Денсаулық

Жаңа технологиямен жабдықталу деңгейі — 85 пайыз

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан еліміздегі денсаулық сақтау нысандарын жаңа үлгідегі  медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні аймақтың денсаулық сақтау орындарының жаңа технологиямен қамтамасыз етілу деңгейі — 85 пайыз. Мәселен, биыл осы бағытқа 900 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен…

«Жергілікті» томография

Еліміздегі медициналық және өнеркәсіптік рентген аппаратын шығаратын «Актюбрентген» АҚ алғаш рет американдық  «Дженерал Электрик» компаниясымен бірлесіп, 16 кескінге арналған компьютерлік томография жасап шығарды. Құны 180 миллион теңге тұратын зауыттың алғашқы өнімі өткен аптада №2 қалалық емханаға әкелінген болатын. Рентген аппаратының 28 түрін шығаратын зауыттың жабдықтарын әлемнің 23 елі тұтынады. Оның ішінде Қытай, Түркия секілді шет мемлекеттер бар.

Жалпы, облыста бұдан бөлек бес компьютерлік томография бар. Оның төртеуі  мемлекеттік мекемелерде орналасқан. Алғашқы аппарат 2006 жылы облыстық «Жедел жәрдем» ауруханасына әкелінді. Қазір ауруханада магниттік резонанстық және бір компьютерлік томография жұмыс істеп тұр. Ал құны 125 миллион теңге тұратын бұндай екі аппараттың бірі  өткен жылы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығына әкелінсе, екіншісі биыл Әуе қалашығы ауданындағы облыстық кеңес беру және диагностикалық орталығына берілді. Бесінші аппарат жекеменшік «Евразия» медициналық мекемесінде орналасқан.

Әрине, аппараттардың түріне байланысты олардың жұмыс істеу мүмкіндігі әртүрлі. Мәселен, жоғарыда аталғандардың бірі — 6, екіншісі 16 кескінді көрсетеді. Ал №2 емханаға әкелінген томография адам ағзасын 16 бөлікке бөліп, компьютерден кескінді көрсетіп отырады. Бұл бас ми қабықшасының, бауыр, бүйрек ішіндегі, жамбас сүйектерінің арасындағы ауруларды анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа аппараттың басты артықшылығы да осында. Заманауи жабдық қаланың Сүт зауыты, Құрмыш, Заречный, Ескі қала, Қарғалы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Емхананың бас дәрігері Ерлан Тәтімов қазіргі күні барлық тәжірибе жүргізу жұмыстары аяқталып қалғанын айтты.

— «Дженерал Электрик» компаниясы шығарған муляж аппараты толық меңгеруге мүмкіндік беріп отыр. Өйткені муляжда адам ағзасының барлығы орналасқан. Бұл тәжірибе жүргізуге өте қолайлы. Қазір алғашқы түсірілген кескін зауыттағы арнайы стенд арқылы салыстырылып тексерілуде. Бұған қоса аурудың түрлеріне қарай оны анықтауға арналған хаттамалар компьютерге енгізіліп жатыр. Жалпы, аппараттың базалық бағдарламасы болғанымен, біздің мамандар 150-200-ге жуық хаттамаларды компьютерге енгізеді. Аппаратта Мәскеуде білім алып келген екі  маман жұмыс істейді. Сондай-ақ бұл қымбат зерттеу түріне жататынын ескерсек, кез келген адам өз бетімен түсе алмайды. Мекеме мемлекеттік тапсырыс бойынша ақысыз қызмет көрсететіндіктен, жолдамамен келген азамат қана тегін түсе алады. Сондықтан өзге өңірден келген адамдар ақылы қызметке жүгінеді. Қазіргі күні аппараттың жұмыс істеу кестесі, дәрігердің еңбекақысы өзге де мәселелерді қамтыған құжат  дайындалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Құжат бекітілгеннен кейін біз толық ақпаратты халыққа хабарлаймыз.

Жалпы, аталған аппараттың нақты диагнозды  қоюда мүмкіндігі өте зор. Бұған қоса зерттеу жұмысы уақыт алмайды, небәрі 45 минут жұмсалады, — деді ол.

Компьютерлік томографияның екі түрі бар. Олар — магниттік резонанстық және рентген сәулесімен жұмыс істейтін компьютерлік томография. Қазіргі күні бұндай технологияның екі түрі де облысымызда бар.

Лизингтің  көмегі

Өткен аптада медицина қызметкерлерінің республикалық кеңесінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мемлекеттік лизингтік компания құрылатынын айтқан болатын. Яғни, компания республикалық деңгейдегі стационарларға жабдықтар сатып алу үшін оларға қажетті аппаратураларды ұсынады. Осы арқылы емдеу мекемелері жаңа жабдыққа қол жеткізбек. Ал Ерлан Тәтімов бұндай жүйенің мекемелер үшін өте тиімді екенін айтты.  

Мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болғаннан кейін жарғыда біздің бюджеттен тыс ақылы жұмыспен айналысуымызға құқығымыз бар екені көрсетілген. Демек, кепілді көмектің тізімінде қарастырылмаған қызмет түрі ақылы түрде жүргізіледі. Сондықтан біз өз қаржымызға лизинг арқылы жаңа технология сатып алу шаруасымен бұрыннан-ақ айналысып келеміз. «Халық лизинг» компаниясы арқылы 6 пайызбен лизинг алғанбыз. Сол қаржыға автокөлік, сандық флюороаппарат және  көзді зерттейтін жапондық 6 аппарат сатып алдық.  Қаржыны белгіленген уақытқа дейін қайтаруымыз қажет. Сондықтан аталған жүйе  енгізілсе, медициналық мекемелер үшін тиімді екені сөзсіз, — деді ол.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік  бағдарламасының аясында емханаға 2005 жылдан бастап жаңа жабдықтар сатып алына бастапты. Мәселен, 2004 жылы мекемеде бір ғана флюорография аппараты болса, қазіргі күні үш сандық, бір жылжымалы флюорография машинасы бар. Бұрын азаматтар бір көне рентген аппаратына түсетін. Ал қазір  жапондық  және отандық жаңа аппарат  тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.

Осыдан алты жыл бұрын емханада үш  электрокардиография бар болатын, қазір олардың саны — 27.  Бұған қоса соңғы жылдары зертханалардың да жағдайы жақсарды. Ілгеріде қан тексеру жұмысы ескі әдіспен жүргізілетін, ал қазір  арнайы автоматтандырылған анализаторлардың көмегімен жүзеге асады. Емханада бес зертхана жұмыс істейді. Оның ішінде полумерлік ұласпалы реакция зертханасы және биохимиялық анализдерді жүргізетін екі аппарат бар. Сонымен қатар 2005 жылы мекемеде бір көлік болса, бүгінгі күні 7 автокөлік тасымалға пайдаланылып отыр. Жалпы,  халыққа сапалы қызмет көрсетуде емханада  барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына да  айрықша назар аударылуда. Мәселен, учаскелік дәрігерлер мен медбикелер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Яғни, олардың  бір жылдық жол ақысы алдын ала төленіп қойылған, — деді бас дәрігер.

Сондай-ақ биыл  емханаға зейнет жасындағы дәрігерлерді ауыстыру үшін 11 жас маман шақыртылыпты. Олардың қатарында невропотолог, акушер-гинеколог, кардиолог, лор мамандықтары бар. Бұған қоса дәрігерлер еліміздің және шет елдің оқу орындарында білімін жетілдіріп келеді.

Жаңа жүйе және технология

Биыл облыстың денсаулық сақтау нысандарын жаңа технологиямен жабдықтауға республикалық бюджеттен 600 миллион, жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал өткен жылы 770 миллион қаржы жұмсалыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Алмат Ермағамбетовтің айтуынша, былтыр бұндай қомақты қаржыға сатып алынған жаңа жабдықтар қазір халық игілігіне пайдаланылуда .

— Мәселен, былтыр облыстық «Жедел жәрдем» ауруханасының травмотология бөліміне құны жеті жарым миллион теңге тұратын артроскопия әкелінді. Жаңа жабдықты Германияның «Wolf» компаниясы жасап шығарған. Аппараттың бір ерекшелігі, аса күрделі емес жарақат кезінде сүйекті кеспей ота жасайды. Әрі бұндай әдіс науқастың бір аптада сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Қазіргі күні осы бөлімнің меңгерушісі Серік Исаев аталған әдіспен ем жүргізуде. Сондай-ақ өткен жылы құны жүз миллион теңге тұратын қатерлі ісікті емдейтін аппарат әкелінді. Яғни, ішкі қуыстарға гамма сәуле шығарғышы арқылы ем жүргізетін жабдық М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығында орналасқан. Бұған қоса былтыр медициналық қалдықтарды жоятын 13 инсениратор алынды. Жалпы, қалада медициналық қалдықтарды жою жұмысымен айналысатын үш мекеме бар. Олар — маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу кәсіпорны және  «Барт медиа», «Нурстон» мекемелері. Ал аудандарда инсениратор аппараттары жеткілікті.

Сондай-ақ биыл «Жедел жәрдем» ауруханасының нейрохирургия бөліміне Жапонияның «Олимпус» фирмасынан  папилосфикнтеротомия аппараты сатып алынбақ. Құны жеті миллион теңге тұратын аппаратқа қазір тендер жариялануда. Аталған аппаратты енгізу арқылы өт жолындағы тасты кеспей алуға болады. Бұған қоса республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға ішкі қуыстарға арналған ультра дыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу жоспарланып отыр. Мәселен, қазіргі күні бұндай аппараттар тек сыртқы денеге арналса, ал алынатын аппаратты ота жасау кезінде қолданады. Яғни, ота жасайтын дәрігер көрсеткішті ағзаға  салып, оның жай-күйін анықтай алады. Сондай-ақ биыл 46 медициналық жедел жәрдем көлігі әкелінді.

Ал осы жылдың соңында екі жүз кереуеттік облыстық балалар ауруханасы пайдалануға беріледі. Ғимаратқа құны 500 миллион теңге тұратын  64 кескінді компьютерлік томография әкелінбек. Яғни, аурухана жүз  пайыз жаңа технологиялармен жабдықталады, — деді Алмат Ермағамбетов.

Ал 2011 жылы денсаулық сақтау мекемелерін бірыңғай базалық  жергілікті жүйеге қосу міндеті тұр. Яғни, локальды жүйе арқылы республиканың кез келген медициналық орталығымен байланысқа шығуға мүмкіндік туады. Әкелінген жаңа аппараттар бүкіл әлемдік жүйеге қосылмақ. Мәселен, түсірілген компьютерлік томографияның қорытындысын интернет жүйесі арқылы өзге қаладағы білікті мамандарға тексертуге болады. Сондай-ақ мекеме ішінде жергілікті жүйе арқылы байланыс орнатылады. Егер аталған жүйе жүзеге аса медицина қызметкерлеріне тиімді болмақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button